avangard-pressa.ru

ІІІ. Жалпы орта білім беру құрылымы - Педагогика

Жалпы орта білім беру құрылымын жаңарту білім беру процесіне қатысушылардың талабын, мүмкіндігі мен қызығушылығын толық ескеруді, оқыту сатылары бойынша оқу материалдарын бірдей қайта бөлуді, оқытуды дараландыруға жағдай жасауды көздейді.

12 жылдық жалпы орта білім берудің құрылымдық-мазмұндық моделі төмендегі ұстанымдар негізінде ұйымдастырылды:

- жеке тұлғаның жас кезеңдерінің ескерілуімен;

- күтілетін нәтижелердің жетістіктеріне бағыттылығы;

- оқытудың сабақтастығы;

- әрбір оқыту сатысының даралығы.

12 жылдық білім беру жағдайында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру деңгейі ерекше мәнге ие болып отыр. 5 жастағы балаларды мектепалды даярлау олардың психологиялық, педагогикалық, дене және физилогиялық талаптарын ескере отырып, бастауыш мектепке оқытуға дайындау сапасының басты жағдайы ретінде жүзеге асырылуы тиіс.

Саты

жалпы орта білім беру (1-4 сыныптар)

Оқуды бастау жасы – 6 жас

Оқыту ұзақтығы – 4 жыл.

1-сатыдағы негізгі бағдар – оқушының өзін-өзі таныту мүмкіндігі мен қоршаған ортасының шынайылығы туралы білімді игерудегі даралығын ашу, оқуға талабын және білігін қалыптастыру, яғни оқытудың келесі сатыларына қажетті танымдық қызығушылығын арттыру, кіші жастағы оқушылардың біртұтас оқу әрекетін қалыптастыруға ықпал ету.

Баланың тұлғалық қалыптасуын, оның қабілеттерінің тұтастай дамуын қамтамасыз ету. Бастауыш мектепте қажетті біліктер мен дағдыларды игеруге, оқу, жазу, санау, шығармашылықпен ойлау элементтерінің, жеке гигиенасы мен денсаулығын сақтау негіздерінің болуына ықпал ететін оқу әрекетін ұйымдастыру.

Саты

Жалпы орта білім беру (5-10 сыныптар)

Оқыту ұзақтығы – 6 жыл

2-сатының негізгі бағдары– негізгі жалпы білім алуға жағдай жасау, адамдар арасындағы және этносаралық қатынастар мәдениетін, тұлғаның біртұтас көзқарасын, өзін-өзі анықтауын қалыптастыру, тұлғаның өзін-өзі ұйымдастыру тетіктерін, кәсіби және танымдық ой-пікірінің туындауына, теориялық ойлау тәсілдері мен ғылыми таным әдістерін игеруіне ықпал ететін оқу әрекетін ұйымдастыру.

Негізгі мектеп оқытуды бейіндік мектепте немесе кәсіптік бастауыш және орта білім беру ұйымдарында жалғастырудың базасы болып табылады.

Бұл сатының ерекшелігі оқушының үшінші сатыдағы мектептегі бейіндік оқытуға саналы таңдау жасауға бағдар көрсететін бейіналды дайындықтың жүргізілуі болып есептеледі.

Саты

Жалпы орта білім беру (11-12 сыныптар)

Оқыту ұзақтығы – 2 жыл

Үшінші сатының бағдары жалпы орта білім берудің соңғы кезеңі болып табылатын, оқытудың саралануы мен даралануына, оқушылардың білімін жалғастыруға қатысты жеке және өмірлік өзін-өзі танытуына ықпал ететін талабымен, қызығушылық ниетімен сәйкес әлеуметтендіруге бағдарланған бейіндік оқытуды іске асыруға жағдай жасау.

Бейіндік оқыту жаратылыстану-математикалық, әлеуметтік-гуманитарлық және технологиялық бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

Бейіндеу (профилизация) нысандары мектептің педагогикалық әлеуетін, білімдік инфрақұрылымының мүмкіндігін, облыстың, қаланың, ауданның сұранысын ескере отырып анықталуы тиіс.

Бейіндік оқытуды іске асыру жалпы білім беретін мектептерде, гимназияларда, лицейлерде, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы мектептерде жүзеге асырылады.

Материалдық-техникалық жағдайын, кадрлық әлеуеті мен оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді ескере отырып, үшінші сатыдағы бейіндік оқыту төмендегі ұйымдастыру нысандары бойынша қарастырылады:

- Бір бейінді мектеп – бір бейінді оқытуды іске асыру;

- Көп бейінді мектеп – бірнеше бейінді оқытуды ұйымдастыру;

- Жалпы білім беретін мектептердегі, гимназиялардағы, лицейлердегі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердегі бейінді оқыту сыныптары.

- Өңірлік ресурстық орталық – материалдық және кадрлық әлеуеті жеткілікті, басқа мектептер бейіндік оқытуға пайдалана алатын ресурсы бар білім беру ұйымы. Ресурстық орталықтар ЖОО, колледждер немесе білім беру орталықтары жанынан ұйымдастырылуы мүмкін.

(Ауыл мектебі жағдайындағы ауылдық ресурстық орталық – айналасындағы мектептердің материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік және кадрлық әлеуетін кіріктіре алатын ауылда толыққанды база мен бейіндік оқытуды қамтамасыз ете алатын, қуатты білім беру ұйымдарының бірлестігі.).

- Сырттай оқытатын және кешкі мектептер еліміздің ЖОО, облыстық БАИ жанынан ашылған бейіндік мектептер мен ресурстық орталықтардың базасында жүзеге асырылады.

Ауылдық жер жағдайында шалғай ауылдан келетін оқушылардың тұруына мынадай жағдайлар жасалады:

- ауыл оқушыларына арналған бейіндік оқытудың барлық түрі ұсынылған мектеп-интернат;

- интернат типіндегі пансионат – шағын комплектілі ауыл мектептерінен келген оқушыларды таңдаған бейіндеріне немесе ресурстық орталықтарына қарай аудан орталықтарындағы орта мектептерде жүзеге асырылады.