avangard-pressa.ru

Ііі. Қазақстандағы дағдарысқа қарсы шаралар - Экономика

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірін­ші болып жаһандық дағдарыс салдар­лары­мен бетпе-бет келді.Еліміздің өз қарыздарымен есептесе алмаған жетекші банктерін банкрот­тық­тан дереу құтқаруға тура келді. Арзан ақ­ша­ларды тойымсыздықпен және бақы­лау­сыздықпен қарызға алып, сол арқылы бай­лық таппақ болған біздің банктер қиын жағдайда қалды. Банкирлердің кей­бірі алаяқтар мен ұрылар болып шығып, банк қаражатын меншіктеп алған. Он­дай­лар­мен қазір құқық қорғау органдары айналысуда. Қазақстанның экспорты жартысына дер­лік қысқарды. Шағын бизнес несиелік қаражатсыз қалды. Жүз мыңдаған еңбек­кер­лер жұмыс орнын жоғалту шегіне жетті. Осындай жағдайда біздің шешімдері­міз нақты да дер уақытында болды. Қазақ­станда тұрақтандырушы шаралар пакеті қабылданды, Ұлттық қордан қо­сым­ша 10 миллиард доллар бөлінді. Мем­ле­кеттің әлеуметтік міндеттемелері сақ­та­лып қана қойған жоқ, сонымен бірге ұл­ғайтылды, перспективалы инвестициялық жобалар анықталды.

"Жол картасы" және Өңірлік жұмыс­пен қамту стратегиясы қабылданды.

Бүгінде енді "Жол картасын" және дағ­дарысқа қарсы шаралардың бүкіл кеше­нін іске асырудың алғашқы қорытын­ды­ларын шығаруға болады.

400 мыңға тарта жаңа жұмыс орын­дары ашылды.

200 мыңнан астам адам қайта даяр­лық­тан өтіп, қоғамдық жұмыстарға қаты­сушылар болды. Соның нәтижесінде біз­дегі жұмыссыздық деңгейі 6 пайызға дейін төмендеді, ал көптеген елдерде ол еселеп өсті.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым нысандарын жаңғыр­ту жөнінде ауқымды жұмыс жүргізілді.

Денсаулық сақтаудың, білім берудің 1500 дерлік нысаны және әлеуметтік инфрақұрылымның басқа да нысандары жөнделді.

Мың шақырым жол салынып, қайта жарақтандырылды.

Қаражат әрбір ауыл мен селоға дейін жетті, бұрын мұндай болмайтын. Осындай бұрын-соңды болмаған шараларды ел халқы зор ризашылықпен қарсы алды.

Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанын­да шағын және орта бизнес секторындағы өндірістің көлемі 14 пайызға өсті.

Агроөнеркәсіптік кешенге қолдау білдіру егін жинау науқанын ойдағыдай аяқтауды, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеудің көптеген нысандарын салуды қамтамасыз етті.

Астықтың бункерлік салмақтағы жалпы жиынтығы 22 миллион тоннаға жуықты құрады. Бұл соңғы бес жылдағы екінші рекордтық орақ.

Тұтастай алғанда Қазақстанның қаржы жүйесінің жалпы тұрақтылығына қол жеткізілді.

Банк жүйесіне қолдау білдіруге 476 миллиард теңге бөлінді. Соның өтеміне мемлекет елдің жетекші банктерінің ірі акционеріне айналды.

Мемлекеттің қолдау білдіруі арқасын­да алданып қалған 40 мыңнан астам үлес­кердің проблемалары шешілуде.

Тұтастай алғанда ел экономикасына дағ­­дарысқа қарсы мақсаттарда 2,7 трил­лион теңге немесе ІЖӨ-нің 14 пайызы жұмсалды.

Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Доминик Стросс-Кан біздің елімізде болып, былай деп атап өткен еді: "егер барлық шаралар іске асатын болса, онда 2009 жылдың аяғында сіздердің экономика өз проблемаларын еңсере алады". Осындай пікірді көптеген сарапшылар ұстанады.

Бастысы, дағдарысқа қарсы шаралар қо­ғамнан қолдау тапты. Мен еліміздің көп­теген өңірлерінде болдым. Сонда бар­лық жерде халықтың қолдауы мен Қазақ­стан­ды дамытудың жаңа алып жоспар­ла­рын орындауға кірісуге әзірлігін сезіндім.

"Нұр Отан" партиясының ХІІ съезінде Қазақстанды жедел индустриялық-инновациялық дамыту міндеті қойылды.

Мен инновациялық индустрияландыру­дың жеті басымдығын анықтадым. Олар:

- аграрлық секторды технологиялық қайта жарақтандыру және кең ауқымда жаңғырту;

- құрылыс индустриясын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту;

- мұнай өңдеуді және мұнай-газ секторының инфрақұрылымын дамыту;

- металлургияны және дайын металл өнімдерін өндіруді дамыту;

- химия, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсібін дамыту;

- "таза" энергетиканы жасауды қоса алғанда энергетика саласын жаңғырту және дамыту;

- көлік және телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту.

Осының нәтижесінде 7 триллион тең­ге­ден астам немесе біздің ұлттық өні­мі­міздің 50 пайызы дерлік көлемінде жылдық қосымша құн қосымша жасалатын болады.

Бұл - өршіл, қажетті де лайықты мін­дет. Осының арқасында біз қазақстан­дық­тардың әл-ауқаты одан әрі жақсаруы үшін жағдай жасаймыз.